Басты жаңалықтар

Жамбылдағы жарылыс: 12 адам қаза тапты, бірнеше ауыл көшірілді

26 тамыз күні кешкілік Жамбыл облысының Байзақ ауданында төтенше оқиға болды. Қазақстан Қарулы Күштерінің оқ-дәрісі сақталатын қойманың бірінен өрт шығып, сол өрттің салдарынан онға жуық жарылыс болды.

Өкінішке қарай, адам өлімі бар. Қорғаныс министрлігі 9 адамның қаза тапқаны жөнінде хабарлады. Қайтыс болғандардың арасында бес адамның аты-жөні анықталды. Олар — оңтүстік аймақтың әскери прокуроры Арман Қапезов (1976 жылы туған), әскери қызметкерлер Марат Мешінбай (1981 жылы туған), Руслан Жанболатов (ол да 1981 жылғы), Еркін Нәдірбеков (1979 жылғы) және әскерилендірілген күзет қызметкері Оразбек Дәлібаев (1969 жылы туған). Тағы да төрт адамның мәйіті табылғанымен, аты-жөндері әзірге анықталған жоқ.

Зардап шегушілердің жалпы саны — 90-ға жуық. Олардың көпшілігі жеңіл жарақат алған. 28 адам — ауруханада, оның ішінде алты адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Мемлекеттік комиссия құрылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы жағдайға байланысты шұғыл жиналыс өткізді. Жиынға Премьер-Министр, құқық қорғау, қорғаныс, қауіпсіздік және басқа да күштік құрылымдардың басшылары қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысында болған төтенше оқиға салдарынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккен адамдардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

— Өкінішке қарай, әскери қызметшілер мен құтқарушылар арасында адам шығыны бар. Олар қызметтік міндетін атқару барысында ерлікпен қаза тапты. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Жарақат алған адамдардың тезірек сауығып кетуін тілеймін, — деді Мемлекет басшысы.

Президент қаза тапқан азаматтардың отбасына көмектесу және жарақат алған азаматтарға жан-жақты медициналық жәрдем көрсету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Сондай-ақ Президенттің тапсырмасымен, төтенше жағдайдың салдарын жою үшін ведомствоаралық мемлекеттік комиссия құрылды. Оған Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр басшылық етеді. Комиссия төрағасына Жамбыл өңіріне шұғыл бару тапсырылды. «Жұмыстың басы-қасында болып, барлық шараларды оқиға орнынан ұйымдастырыңыз», — деді Президент.

Ал Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне оқыс оқиғаның мән-жайын және кінәлілерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеу амалдарын мұқият жүргізуді қамтамасыз ету, Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігі мен дүние-мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.

Жергілікті тұрғындар аман

Кейбір деректер бойынша қаза тапқандардың бәрі де — әскери және төтенше жағдай қызметкерлері. Олардың арасында жергілікті тұрғындар жоқ деп хабарланды. Білім және ғылым министрлігі де зардап шеккендердің арасында балалардың жоқ екені жөнінде мәлімдеді.

Жарылыс болған қойма — 28349-әскери бөлімнің (инженерлік бригада) қару-жарақ қоймасы. Жарылған снарядтардың ұшқыны 2 шақырым радиусқа дейін жеткен. Әскери бөлімнен 1-2,5 шақырым қашықтықта орналасқан Қайнар, Жібек жолы, сондай-ақ сол маңайдағы Базарбай, Үшбұлақ, Жаңатұрмыс ауылдарының тұрғындары қауіпсіз жерлерге көшірілген. Тұрғындар, негізінен, Тараз қаласындағы мектептерге орналастырылды. Барлығы 1,5 мыңнан астам тұрғын көшірілді. Халықты эвакуациялау мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге Жамбыл облыстық полиция департаментінің 300 полицейі және 47 автоэкипажы, сонымен қатар Ұлттық ұланның 520 әскери қызметшісі жұмылдырылды. Кеше кешкілік тұрғындардың бір бөлігінің үйлеріне орала бастағаны хабарланды.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, тұрғын үйлердің ешқайсысы өртенбеген. Алайда төбесі құлаған, есіктері мен әйнектері жұлынып кеткен үйлер бар. Олардың бәрі тиісті сараптамадан өткізіліп, шығынның орнын толтыруға көмек ұйымдастырылады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес зардап шеккен барлық адамға көмек көрсетіледі», — деді Бердібек Сапарбаев.

Қорғаныс министрі қызметінен кетпек

Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев және Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин оқиға орнына бірден ұшып барды.

Министр Нұрлан Ермекбаев өрттің шығу себептеріне қатысты бірнеше болжам жасалып отырғанын айтты. «Өрттің неден шығуына байланысты әзірге тек жорамал жасалып отыр. Техникалық қауіпсіздіктің сақталмауынан, өзінен-өзі жанып кетуінен болуы мүмкін немесе әдейі от қойылуы мүмкін деген нұсқа да жоққа шығарылмайды», — деді министр.

Қазіргі министрдің тұсында елімізде қару-жарақ қоймасында екінші рет жарылыс болып отыр. Бұған дейін 2019 жылы Арыста жарылыс болған еді. Қорғаныс министрі Тараздағы жарылыс жайлы ести салысымен, өзінің бірден қызметтен кету жөнінде шешім қабылдағанын жеткізді. Бірақ әзірге жарылыстың салдарларын жоюмен айналысу керектігін, қызметтен кету жөніндегі арызды сосын беретінін айтты.

Осы оқиғаға байланысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 462-бабы бойынша тергеу жұмыстары басталған. Сондай-ақ осы оқиғаға қатысты әлеуметтік желілерде жалған ақпараттар таратылуына байланысты Қылмыстық Кодекстің 274-бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button